Тек шикізат жеткізу – жеткіліксіз

Эксперт, редактор Finratings.kz
Фото

Мұнай-химия саласы әдетте қызмет көрсетумен байланыстырыла бермейді. Бұл саладағы жұмыс көбіне өнімнің сипаттамасы мен жеткізу шарттарымен ғана шектеледі. Ең ары кеткенде – тұрақты логистика. 

Алайда соңғы жылдары ішкі сұраныстың артуы мен жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарының пайда болуы көрсеткендей – шикізатты жеткізіп беру жеткіліксіз. Полимерді өңдеуге кіріскен компаниялар технологиялық қиындықтарға тап болады – марканы дұрыс таңдаудан бастап, өндірістік желілерді іске қосуға дейін.

Осындай жағдайда басынан-ақ өз жұмыс моделіне өніммен қатар техникалық сүйемелдеу механизмін енгізген өндірушілер ұтады. Қазақстандағы KPI компаниясы осы бағытта ерекше көзге түсіп отыр: клиентпен жұмысын алғашқы кеңес беруден бастап, өндірістік алаңға дейін жалғайтын кешенді техникалық сервисті жолға қойған.

Central Asia PlastWorld 2025 көрмесі аясында KPI компаниясының клиенттерге арналған техникалық сервис бөлімінің аға менеджері Асылбек Жұмабеков қайта өңдеушілер тап болатын нақты қиындықтармен бөлісті. Әсіресе полипропиленмен алғаш жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар жиі мынадай жағдайларға кезігеді: өнім маркасының дұрыс таңдалмауы, өңдеу режимдерінің сәйкес келмеуі, желіні іске қосудағы ақаулар, сапалы өнімнің төмен шығымы. Осындай қиындықтарды болдырмау үшін KPI клиентпен тығыз жұмыс істейтін техникалық сүйемелдеу жүйесін дамытып келеді – шикізатты таңдаудан бастап, өндірісті нақты жабдыққа бейімдеуге дейін.

Формалды түрде бұл «техникалық сервис тобы» деп аталғанымен, іс жүзінде бұл – өндіріс алаңына шығып, өнімді сынақтан өткізетін, желінің жұмысын қадағалайтын, параметрлерді нақтылап, клиенттің пікірін есепке алатын инженерлік команда. Мұндай тәсіл шикізат нарығы үшін үйреншікті емес. Алайда Қазақстандағы қайта өңдеушілердің жартысына жуығы – бұл салада тәжірибесі жоқ жаңа кәсіпорындар екенін ескерсек, мұндай көмекке сұраныстың неге жоғары екені түсінікті.

KPI-дің бұл сервистік көзқарасы оның технологиялық серіктестерінен мұра болған. Мәселен, ресейлік СИБУР компаниясы тек іске қосу және реттеу кезеңінде ғана емес, тұтынушымен жұмысты жүргізудің ішкі стандарттарын қалыптастыруға да ықпал етті. Техникалық қолдау жүйесін құру, клиентпен өзара байланысты реттеу, инженерлік шешімдерді біріздендіру – мұның бәрі KPI жұмыс үлгісіне енгізілді.

KPI клиенттерінің географиясы да мәселелердің алуан түрлілігін көрсетеді. Мәселен, «Долгополов» ЖК – құрылысқа арналған плитка шығарса, Heart Center Foundation – медициналық өнімдер өндіреді. RISMI Group пен Ak-Plast-F секілді компаниялар күнделікті тұтыну тауарларына маманданған. Өндіріс процестері де, жабдықтары да әртүрлі. Сондықтан бір маркалы полипропилен әртүрлі кәсіпорындарда нәтижелі жұмыс істеуі үшін – нақты техникалық бейімдеу қажет.

Осындай жағдайда бұрынғыдай «жеткіздік те, ұмыттық» форматы жұмыс істемейді. KPI осыны түсіне отырып, қайта өңдеушілерге арналған арнайы коммерциялық шарттар мен ұзақ мерзімді серіктестікке негізделген «форсаж» бағдарламасын іске қосты. 2025 жылы жасалған жаңа келісімдер – «Полиэтилен-Агро», «Казполиснаб», «БалТекстиль» секілді компаниялармен – тек жеткізуді емес, өндірістік процесте қолдау көрсетуді де қамтиды. Бұл – таза сауда қатынастарына қарағанда едәуір артықшылық.

Қазақстанда полимерді қайта өңдеу саласы әлі жас. Сондықтан өндірушінің техникалық қолдауынсыз дамуы қиын. KPI бұл олқылықтың орнын толтырып, сервистік қызметті өз бизнес-моделінің ажырамас бөлігіне айналдырды. Бұл – дамыған елдерде инжиниринг орталықтары мен салалық ғылыми-зерттеу институттары атқаратын міндет.

Техникалық кеңестер, кәсіпорынға шығу, өндіріс бойынша ұсыныстар – мұның бәрі KPI-дің тек жеткізуші ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы қайта өңдеу инфрақұрылымының құрылуына үлес қосушы компания екенін көрсетеді.

Новости партнеров