$ 520.93  609.07  6.68

Атырау облысында жаңа газ-химия зауытының құрылысы белсенді кезеңге өтті

Толеген Майлин
Эксперт, редактор Finratings.kz
Атырау облысында жаңа газ-химия зауытының құрылысы белсенді кезеңге өтті
Фото КМГ

Атырау облысында жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы белсенді кезеңге өтті. 

Бұл ауқымды өндірістік жобаны «Силлено» ЖШС жүзеге асыруда. Компания құрылтайшыларының үлесі келесідей бөлінген: 40% – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-на, 30%-дан – Қытайдың Sinopec және Ресейдің «СИБУР Холдинг» компанияларына тиесілі. Жалпы инвестиция көлемі 7 миллиард доллардан асады, ал зауытты іске қосу 2029 жылға жоспарланған.

Жақында «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов жұмыс сапарымен құрылыс алаңына барып, жобаның негізгі кезеңдерінің бірі – этилен өндірілетін пиролиз қондырғысындағы жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда бұл жерде қадалау жұмыстарының 30 пайызы аяқталған. Ұзақ өндіріс мерзімі бар 44 жабдыққа тапсырыс беріліп, оның бір бөлігі жергілікті «Атыраунефтемаш» зауытында дайындалуда.

Аталған жоба тек зауыт салу ғана емес, сонымен бірге еліміздің қайта өңдеу саласын дамытып, шикізатқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған. Полиэтилен – орау материалдарынан бастап, автомобиль өндірісіне дейінгі түрлі салаларда қолданылатын негізгі шикізат. Бүгінде Қазақстан бұл өнімді шетелден толықтай импорттауға мәжбүр.

Силлено зауыты осы мәселенің нақты шешімі болмақ. Бұған дейін іске қосылған KPI газ-химия кешені полипропилен импортының үлесін екі жыл ішінде 63%-дан 17%-ға дейін төмендеткен еді. Жаңа зауыт полиэтилен бойынша осындай нәтиже беріп, елдің экспорттық әлеуетін арттыруды көздейді. Өндірілетін өнімнің 20-дан астам маркасы ішкі нарықпен қатар ТМД, Еуропа, Қытай және Түркия елдеріне жіберіледі.

Жобаның бәсекеге қабілеттілігін арттыруда экспортқа бағдарланған модель, қолжетімді шикізат, арнайы экономикалық аймақ мәртебесі және халықаралық серіктестермен (Técnicas Reunidas, Tecnimont, Sinopec) ынтымақтастық үлкен рөл атқаруда. Бұл Қазақстанға жаһандық полимер нарығында өз орнын иеленуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл нарықтың жылдық сұранысы 290 миллион тоннадан асады және де өсім жалғасуда.

Бұдан бөлек, жобаның іске асуына әсер ететін бірнеше қиын мәселе бар. Олардың ішінде – капитал сиымдылығының жоғары болуы, инвестицияның қайтарылу мерзімі және мұнай мен пластик бағасының тұрақсыздығы бар. Сондай-ақ, жобаның табысты іске асуы инфрақұрылымға байланысты: көлік, энергия, маман даярлау және сервистік қызметтер толық дайын болуы қажет.

Әлеуметтік тұрғыдан алғанда жобаның маңызы зор: құрылыс кезінде 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылса, зауыт іске қосылғаннан кейін шамамен 800 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазақстандық мамандар мен кәсіпорындардың көбірек қатысуы жобаның ел экономикасына кең ауқымды пайда әкелуіне және түрлі саладағы өндірістердің дамуына ықпал етеді.

Ұзақ мерзімде бұл зауыт еліміздің индустриялық ілгерілеуінің айқын көрінісіне айналып, Қазақстанды шикізат экспорттаушы елден қосылған құны жоғары өнім өндіруші мемлекетке айналдыруға ықпал етеді. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың индустрияландыру, қайта өңдеу және шикізаттық емес экспортты арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттерімен толық үндеседі.

Ваша реакция

👍 0
😆 0
👎 0
🤯 0
😢 0
😡 0

Новости партнеров

В статье
×
$ 520.93  609.07  6.68