$ 540.84  634.46  6.43

Полипропилен – үнсіз, бірақ мызғымас қозғаушы күш

Толеген Майлин
Эксперт, редактор Finratings.kz
Полипропилен – үнсіз, бірақ мызғымас қозғаушы күш
Фото FR

Полипропилен деген сөзді күнделікті өмірде жиі ести қоймайсың. Ол сән, жарқыраған технология немесе трендпен байланыспайды. Алайда бүгінде жаһандық экономика дәл осындай «көрінбейтін батырларға» сүйеніп тұр. Болашағымыздың қандай болатыны да осы материалдарға байланысты.

Әлемдік сарапшылар әртүрлі сандарды алға тартқанымен, айтатын ойлары бір – полипропилен нарығы үнемі өсіп келеді. Мысалы, Precedence Research зерттеу агенттігі бұл нарықтың көлемі 2030 жылдардың ортасында 105 миллиард долларға жетеді десе, Future Market Insights 2025 жылы-ақ бұл көрсеткіш 100 миллиард болатынын айтып, 2035 жылы 154 миллиардқа жетеді деп отыр. Бұл айырмашылықтар есеп әдісіндегі ерекшеліктерге байланысты. Дегенмен бәрінің басын біріктіретін бір тұжырым бар – полипропиленсіз алдыңғы қатарлы өндіріс болмайды.

Бұл материал қаптама жасауда, көлік бөлшектерінде, медициналық құралдар мен тоқыма өндірісінде – қысқасы, өміріміздің сан саласында қолданылады. Миллиондаған тонна, миллиардтаған доллар – осының бәрі өндіріс әлемінің үнсіз тетігіне айналған полипропилен туралы.

Қазіргі таңдағы басты өзгеріс – тұрақтылыққа деген ұмтылыс. Бұрын қайта өңделген полипропиленді ерекше жағдай ретінде қарасақ, бүгінде ол қалыпты стандартқа айналып отыр. Coca-Cola секілді алып корпорациялар енді мұны тек экологиялық имидж үшін емес, нарық пен заң талаптарына сай болу үшін қолданады. Автоконцерндер бұл материалды көлік салонына енгізсе, медицина саласы – бір реттік стерильді әрі экологиялық құрылғылар жасауға бейімделіп жатыр.

Бұл салада механикалық емес, химиялық қайта өңдеу де қолданыла бастады – бұл дегеніңіз шикізатты сапасын жоғалтпай қайта пайдаланудың жаңа жолы.

Тағы бір маңызды бағыт – биошикізатқа негізделген полимерлер. Бұл материалдар әлі кең тарала қоймаса да, оған бағытталған зерттеулер мен инвестициялардың көлемі – индустрияның экологиялық ізді азайтуға шындап кіріскенін көрсетеді. Еуропа елдері қайта өңделетін шикізатты қолдану талабын күшейтті. Енді өндірушілер қаптаманың салмағын азайтуға, пішіні мен құрылымын қайта қарауға мәжбүр. Полипропилен осылайша бизнес пен мемлекет арасындағы тікелей әңгімеге араласып отыр. Бұл диалогта енді сылтауға орын жоқ: нақты шешім ұсынбасаң, нарықтан тыс қаласың.

Қазақстан бұған дейін бұл үдерісті сырттай ғана бақылап келді. Бірақ 2022 жылдың қарашасында Атырауда KPI Inc. газ-химия кешені іске қосылып, жылына 500 мың тонна полипропилен өндіре бастады. Осы тұрғыда СИБУР-мен серіктестік стратегиялық қадам болды – ресейлік компания экология, қайта өңдеу, өнім түрлендіру саласында тәжірибесімен бөлісті. Қазақстан үшін бұл тек өндіріс емес, саланың жаһандық болашағына араласуға мүмкіндік.

Алайда нәтиже баспасөз беттерінде емес, нақты өндірісте көрінеді. Қондырғылардың тоқтаусыз жұмыс істеуі, қауіпсіздік пен сапа, процестердің жүйелілігі – міне, нағыз көрсеткіш.

Бүгінде Қазақстан тек шикізат өндіруші ғана емес, болашақ материалдар жайлы әңгімеге қатысып отырған елге айналуда. Бұған мысал – елде өндірілетін полипропиленнің 15 пайыздан астамы халықаралық экологиялық стандарттарға сай болуы. Энергияны үнемдеу жобалары іске асып жатыр, қалдықтарды кері жинайтын жүйелер жасалып, биобұзылатын пленкалар ойластырылуда. Бұл – жаппай өндіріс емес, бірақ бағытымыздың әлемдік трендке сай екенін білдіреді.

Бүгінде тұрақтылық – сән үшін айтылатын сөз емес, нағыз тіршілік талабы. Оны сақтай алмаған өндіріс – ұзақ өмір сүрмейді.

Полипропилен жайлы айтқанда, зауыт пен құбыр ғана көзге елестемеуі керек. Бұл – тұтас стратегия. Егер жолдан жаңылсақ, ертеңгі талаптарға дайын болмай қаламыз. Бүгін көп өндіреміз деп қуанып жүргенде, ертең тұтынушы экологиялық өнім талап етеді, мемлекет қайта өңдеуді міндеттейді, ал инвестор – ашықтық пен есептілікті талап етеді. Сол кезде «қуып жету» кеш болады.

Қазақстан үшін қазір – ерекше сәт. Біз бұл саланы басынан бастап дұрыс жолмен дамытуымыз керек. Ендігі сұрақ – осы мүмкіндікті іске асыруға ерік пен инвестиция жете ме?..

Ваша реакция

👍 0
😆 0
👎 0
🤯 0
😢 0
😡 0

Новости партнеров

×
$ 540.84  634.46  6.43